АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Страсбург (Франция) турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зарина жүлде қоры 300 мың АҚШ долларына жуықтайтын байрақты жарыстың бірінші айналымында әлемнің 382-інші ракеткасы, поляк қызы Катажина Питермен кездесіп, 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Матч 1 сағат 12 минутқа созылды.
З.Дияс екінші айналымда осы турнирдің 6-ыншы ракеткасы болып тіркелген венгриялық Тимея Бабош немесе франциялық Фиона Ферроның біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Страсбург турнирінде, Юлия Путинцеваның Нюрнбергте, ал ерлер арасында Лиондағы жарыста Михаил Кукушкиннің қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).