Теннис: Зарина Дияс US Open турнирінің алғашқы айналымынан өте алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс US Open турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 8-інші ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүйсенбіде жаңартылған рейтингте 60-ыншы орынға көтерілген Зарина бұл кездесуде бар өнерін салды.

Бірінші партияда чехиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті.

Екінші сет одан әлдеқайда тартысты өрбіді. Зарина да бірнеше рет брейк жасап, таразы басын теңестіріп отырды. Есеп 5:4 болған мезетте қазақстандық теннисші төрт бірдей сетболды пайдалана алмады. Ақыры бұл партияның тағдыры тай-брейкте шешілді. Мұнда К.Плишкова әбжілдік танытты - 7:4.

Кездесу 1 сағат 37 минутқа созылды.

Бұдан бұрын З.Дияс К.Плишковамен екі мәрте кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалған болатын.

Еске сала кетейік, АҚШ-тың ашық чемпионатында Қазақстаннан сондай-ақ Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева қатысуда. Олар бірінші айналымда америкалықтар Ной Рубин және Бернардо Перамен кортқа шығады.

US Open турнирінің алғашқы күні әйелдер арасында күтпеген нәтиже де тіркелді. Әлемнің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп дүниежүзілік рейтингте 44-інші сатыда тұрған эстониялық Кайя Канепиден ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.