НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Ыстанбұл WTA турнирінде бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 69-ракеткасы З.Дияс алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичпен шеберлік байқасады.
Рейтингісі төмен болғанымен, А.Саснович оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол US Open турнирінің үшінші айналымына дейін жетіп, онда 4 қыркүйек күні тағы бір қазақстандық, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцеваға 6:3, 2:6, 1:6 есебімен есе жіберді. Енді араға төрт күн салып, 8 қыркүйекте З.Дияспен кортқа шыққалы отыр.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан Ыстанбұл жарысы (жүлде қоры 251 750 АҚШ доллары) 13 қыркүйекте мәреге жетеді.
Өткен жылы бұл додада хорватиялық теннисші, өткен түнде US Open жарысының төртінші айналымында Ю.Путинцевадан ұтылып қалған Петра Мартич жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның US Open турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).