НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Ыстанбұл WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 90-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 65-ракеткасы, эстониялық Кайя Канепимен кездесті.
Бірінші партия 6:4 есебімен эстониялық теннисшінің пайдасына шешілді.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте К.Канепи тағы бір брейк жасап кетті. Ақыры ол матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.
К.Канепи екінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын Ыстанбұл додасы 25 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Барселона турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).