НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы турнирдің үшінші, әлемнің 115-ракеткасы З.Дияс жартылай финалда рейтингте 314-орында тұрған австралиялық Мэддисон Инглиспен кездесті.
Бірінші партия Зарина үшін сәтсіз өрбіп, 1:6 есебімен есе жіберді.
Есесіне екінші сетте жинала білген Зарина брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Инглис қарсыласып баққанымен, З.Дияс жеңіспен аяқтай білді - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Зарина айқын басымдылық көрсетті - 6:1.
Тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
З.Дияс жүлде қоры 80 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында тайваньдық, әлемнің 190-ракеткасы Энь Шо Лянмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің жартылай финалына шыққанын, Юлия Путинцеваның Мадридтегі қарсыласы белгілі болғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).