АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс жылды жеңіспен бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің бірінші айналымында әлемнің 66-ыншы ракеткасы З.Дияс дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған франциялық Полин Пармантьемен кездесті. Қазақстандық теннисші 6:3, 6:4 есебімен екі партияда жеңіске жетті. З.Дияс енді осы турнирдің үшінші, әлемнің 35-інші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуаймен күш сынасады. Ол бірінші кездесуінде ресейлік Анна Блинкованы дәл сондай есеппен ұтты.
Айта кетейік, Шэньчжэнь турнирінің жүлде қоры - 750 мың АҚШ доллары. Оған әлемнің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп бастаған маңдайалды теннисшілер қатысуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).