АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диястың Чарльстон (АҚШ) турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зарина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 91-інші орында тұрған америкалық Кристина Макхейлмен ойнайды. Егер оны ұтқан жағдайда осы турнирде үшінші ракетка болып тіркелген, қазіргі кезде Ресей теннисшілерінің көшін бастап отырған Дарья Касаткинамен кортқа шығады.
Қазіргі кезде Чарльстон турнирінде іріктеу сайыстары өтуде. Негізгі турнир ертең басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Зарина Дияс Майами турнирінің төртінші айналымына дейін жетіп, онда жарақатына байланысты кездесуін жалғастыра алмай, чехиялық Каролина Плишковаға жол берген болатын. Бұл ірі жарыста финалда латвиялық Елена Остапенконы 7:6 (7:5), 6:1 есебімен ұтқан америкалық Слоан Стивенс жеңімпаз атанды. Ол енді әлемдік рейтингте 9-ыншы орынға көтеріледі. Сонымен қатар алдағы дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте Зарина Дияс та үздік елуліктің қатарына кіреді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).