АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 238-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шампейн (АҚШ) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингіде 514-орында тұрған ұлыбританиялық, 18 жастағы Генри Сирлмен өткізді.
Бірінші партия 6:3 есебімен Бейбіттің пайдасына аяқталды.
Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Жұқаев басым болды – 7:6 (7:4). Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында ол 5 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тек біреуін пайдаланды.
Сирл 6 эйспен ғана шектелді.
Бейбіт Жұқаевтың 1/8 финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Сондай-ақ қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Денис Евсеев Лиондағы (Франция) дәл осындай додада бақ сынайды. М.Кукушкин алғашқы айналымда украиналық Виталий Сачкомен, Д.Евсеев корт иесі Кальвин Эмеримен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).