Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 35-тен 36-ға сырғыды.
Тимофей Скатов 134-тен 190-ға құлдырады. Есесіне басқа теннисшілер көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Михаил Кукушкин 245-тен 211-ге, Денис Евсеев 260-тан 240-қа көтерілді.
Бейбіт Жұқаев бірден 53 сатыға жоғарылап, 302-ден 249-ға жайғасты.
Жұптық сында Александр Недовесов 45-тен 43-ке, Андрей Голубев 65-тен 62-ге шықты.
Қазақстанның әйелдер арасында бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингісінде 5-орында қалса, Юлия Путинцева 68-ден 66-ға көтерілді.
Жұптық сында Анна Данилина 32-сатыда тұрса, Е.Рыбакина 116-дан 115-ке ауысты. Жібек Құламбаева 154-тен 157-ге төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Словакиядағы жарыстың финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).