Теннисші Даниил Медведев алғаш рет Алматы турнирінде өнер көрсетеді

Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің 9-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев Алматы қаласында 11-19 қазанда өтетін Almaty Open ATP 250 турнирінде бақ сынайды. 

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, әлемнің экс-бірінші ракеткасы, US Open-2021 чемпионы, Аустралия ашық чемпионаттарының (2021, 2022, 2024) финалисі, 2020 жылғы ATP қорытынды турнирінің жеңімпазы, жекелей сында 20 ATP жарысында үздік шыққан, 2021 жылғы Дэвис және ATP кубогының иегері Д. Медведев Алматы додасына алғаш рет қатысқалы отыр.

Даниил Медведев жасөспірім кезіндегі алғашқы титулын Өскеменде жеңіп алды, бұл оның кәсіби теннистегі үлкен жолының бастауы болды. Ал 2022 жылы Астанада ATP 500 турнирінде өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті. Онда матчболдары бола тұра, болашақ чемпион Новак Джоковичке жол берді.

— Мен Алматыда алғаш рет ойнайтыныма қуаныштымын. Бұл — менің теннис жолымдағы жаңа белес. Мен қазақстандық жанкүйерлердің қонақжайлылығы, жылы ынта-ықыласы туралы көп естідім. Кортта кездескенше! — деді Д. Медведев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Қытайдағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған едік.