Қазақстандық теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 261-орында тұрған Д.Евсеев үшінші айналымда әлемнің 184-інші, Азиаданың 6-ракеткасы, Тайбэй өкілі Тун-Лин Вумен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, содан кейін таразы басын өзіне аудара білді – 6:3, 6:4.
Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 78-інші, доданың 2-ракеткасы, жапониялық Йосуке Ватанукимен таласады.
Д.Евсеев – теннистен Қазақстанның Азиадада қалып отырған жалғыз үміті. Басқаларының бәрі жекелей және жұптық сында жарыс жолынан шығып қалды.
Соның ішінде рейтингте 297-сатыдағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 159-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалға 6:7 (9:11), 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасының нысана көздеуден күміс медаль алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).