НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жаңартылған рейтингіде 45-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик өзінің спорттық жолында рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Оның бұдан бұрынғы үздік көрсеткіші 2020 жылдың ақпанындағы 47-орын еді.
Осылайша өткен аптада Анталия ATP 250 турнирінің финалына дейін жеткен А.Бублик бірден бес сатыға (50-ден 45-ке) жоғарылады.
Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) рейтингісінде бұрынғыша сербиялық Новак Джокович көш бастаса, испаниялық Рафаэль Надаль екінші, аустриялық Доминик Тим үшінші орында келеді.
Қазақстандықтардан Михаил Кукушкин 89-ыншы, Дмитрий Попко 165-орнын сақтап қалды.
Жұптық сында М.Кукушкин 76-орнында қалды. Ал Андрей Голубев пен А.Бублик үш сатыға көтеріліп, сәйкесінше 85-інші және 89-орынға жайғасты. Александр Недовесов 133-сатыда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатына келген 47 теннисшінің карантинде жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).