НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Ұлыбританиядағы Сурбитон челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші пәкстандық Айсам Курешимен бірге жартылай финалда үндістандық Дивиж Шаранга - жаңазеландиялық Артем Ситакпен шеберлік байқасты.
Бұл жұп доданың бірінші ракеткалары, ұлыбританиялық Джимми Мюррей - словакиялық Филипп Полашекті ұтып кеткен болатын.
Қазақстандық-пәкстандық жұп 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Недовесов пен Куреши 1 сағат 20 минутқа созылған матчта 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.
А.Недовесов пен А.Куреши жүлде қоры 134 920 АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш - Анри Паттенмен бас жүлдені сарапқа салады. Олар жартылай финалда тағы бір ұлыбританиялық Билли Харрис - швейцариялық Антуан Бельені жолдан тайдырды - 6:3, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Италиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).