Теннисші Андрей Голубев жұптық сында Доха турнирінің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Доха ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші франциялық Фабрис Мартенмен бірге бастапқы ойынын ұлыбританиялықтар Дэниел Эванс – Кен Скупскимен өткізді.

Қазақстандық-франциялық жұп бірінші партия барысында брейк жасап, басым түсті – 6:4. Олар екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:4.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде А.Голубев пен Ф.Мартен 3 эйс жасап, 7 брейктің екеуін өз есептеріне жазды. Қарсыластары бір ғана эйс жасап, 4 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ.

А.Голубев пен Ф.Мартен ширек финалда тағы бір қазақстандық Александр Бублик – мажарстандық Мартон Фучовичпен шеберлік байқасады. Яғни қай жұп жеңсе де, қазақстандықтардың біреуі жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың жартылай финалына шығады.

А.Бублик жекелей сында да турнирді жалғастыруда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Михаил Кукушкин Марсельде тартысты матчта жеңіліп қалды.