НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Жукаев елордадағы Ұлттық теннис орталығында ITF сериясы бойынша өтіп жатқан M25 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Б.Жукаев жартылай финалда жарыстың екінші ракеткасы, үндістандық Праджнеш Гуннесваранмен шеберлік байқасты.
Ақтау теннис мектебінің түлегі 2 сағат 6 минутқа созылған кездесуде 4:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші бәсеке барысында 13 эйс жасап, 2 брейкке қол жеткізді.
Б.Жукаев елордадағы доданың финалында өзбекстандық Сергей Фоминмен бас жүлдені сарапқа салады.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев жұптық сында Беларусь өкілі Иван Лютаревичпен бірге финалда эстониялықтар Даниил Глинка - Карл Саарға есе жіберді - 6:7, 3:6.
Әйелдер арасында жекелей сында соңғы бәсекеде жапониялық Момоко Кобори мен үндістандық Анкита Раина ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).