АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 235-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос Айрес 2 (Аргентина) челленджер жарысының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 349-орында тұрған аргентиналық Роман Андрес Бурручагамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Д.Попко басымдылық танытты – 7:5.
Екіншісінде корт иесі есе қайырды – 6:0.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы бірден 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры осы қарқынынан жаңылған жоқ – 6:2.
Екі сағат 22 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Д.Попко эйс жасамағанымен, 14 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 3 эйс, 6 брейкпен көзге түсті.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін аргентиналықтар, әлемнің 118-інші, жарыстың 4-ракеткасы Камило Уго Карабелли немесе рейтингте 169-сатыдағы Ренцо Оливомен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жукаевтың екі мәрте ел чемпионы атанғанын, теннисші Тимофей Скатовтың Лиссабон турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).