НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дмитрий Попко Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 168-ракеткасы Д.Попко рейтингте 196-орында тұрған аргентиналық Андреа Колларинимен кездесті.
Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен оңай ұтты.
Бәсеке 1 сағат 1 минутқа созылды.
Д.Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 136-ракеткасы, германиялық Оскар Отте немесе рейтингте 176-сатыдағы словакиялық Лукаш Лацконың қай жеңгенімен шеберлік байқасады.
Қазіргі кезде іріктеу сайысы болып жатқан Франция ашық чемпионаты биыл 27 қыркүйек - 11 қазан аралығында өтеді.
Жыл сайын мамыр айында басталатын аталмыш «Үлкен дулыға» турнирі биыл коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Гамбургте негізгі турнирге өте алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).