НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 58-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:3.
Екінші сетте де брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 11 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын ірі доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің үшінші, осы турнирдің 2-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубайда Аустралия чемпионын ұтқанын, ал Михаил Кукушкиннің Марсель жарысының алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).