НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Елена Рыбакина Хобарт (Аустралия) турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген 20 жастағы қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингте 60-сатыда тұрған франциялық Ализе Корнемен кездесті.
А.Корне Е.Рыбакинадан он жастай үлкендігі бар тәжірибелі спортшы еді.
Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Сосын сетке доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ - 7:5.
Екінші сетте де ол 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.
Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін рейтингте 129-орында тұрған аустралиялық Лизетт Кабрерамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Хобарт турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).