НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Наньчан WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың төртінші, әлемнің 69-ракеткасы, 20 жасар Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 176-орында тұрған, жуырда 18-ге толатын қытайлық Синьюй Ванмен кездесті.
Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті – 7:6 (7:4).
Екінші сетте бірден брейк жасаған Рыбакина алға шықты – 2:0. Содан кейін тағы бір брейкпен есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры өзі доп бергенде, матчқа нүкте қойды – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 38 минутқа созылды.
Осылайша Елена жүлде қоры 250 мыңң АҚШ доллары болатын доданың ширек финалына шықты.
Е.Рыбакина турнирдің алтыншы, әлемнің 76-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы Наньчан жарысын жеңіспен бастағанын, ал Зарина Диястың Хиросима турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).