НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы АҚШ-тың ашық чемпионатындағы (жүлде қоры – 53,4 млн доллар) бастапқы кездесуін рейтингте 108-орында тұрған украиналық Катарина Завацкаямен өткізді.
Бірінші сетті Е.Рыбакина 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтаса, екіншісінде мүлде дес берген жоқ – 6:0.
Бәсеке 1 сағат 8 минутқа созылды.
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 93-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасады. Ол ресейлік Ирина Хромачеваны 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ-тың ашық чемпионатын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).