НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 21-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 32-ден 33-ке сырғыды.
Зарина Дияс 199-сатыда тұр. Жарақатына байланысты көгалдағы корттарда болатын жарыстарға, соның ішінде Уимблдон турниріне қатыса алмайтын Заринаның көрсеткіші бірте-бірте құлдырап барады.
Жұптық сында Қазақстанның үздік теннисшісі Анна Данилина 21-сатыда келеді. Жібек Құламбаева 280-нен 273-орынға көтерілді.
Сөйтіп Жібек өзінің жеке рекордына қол жеткізді. Гөзал Айнитдинова 427-орында қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасының әлемдік рейтингіде 37-орынға көтерілгенін, қазақстандық жас теннисшінің Грузиядағы жарыста абсолютті чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).