НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жібек Құламбаева ITF W60 сериясы бойынша Италияның Брешия қаласында өтіп жатқан турнирдің жұптық сынында ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Жібек латвиялық Диана Марцинкевичпен бірге жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста италиялықтар Мелани Делай - Ангелика Раггиді бір сағатта 6:1, 6:0 есебімен ойсырата ұтты.
Қазақстандық-латвиялық жұп жартылай финалға шығу үшін доданың екінші ракеткалары, тайбэйлік Ю Чен Хсиех - швейцариялық Ксения Кнолмен таласады.
Ж.Құламбаева жекелей сында іріктеу сайыстарының финалында италиялық Аврора Зандеччиге жол берді - 3:6, 2:6.
Ерлер арасында Денис Евсеев Литтл-Рокта (АҚШ) өтіп жатқан челленджер турнирінің екінші айналымына өте алмады. Ол аустралиялық Ринки Хиджикатеден ұтылып қалды - 7:6 (7:3), 4:6, 3:6.
Италияның Форле челленджер жарысында Тимофей Скатов алғашқы айналымда әлемнің 66-ракеткасы, корт иесі Лоренцо Музеттимен тайталасып, жеңіліске ұшырады - 4:6, 7:5, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің әлемдік рейтингіде үздік ондыққа кіргісі келетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).