Теннисші Жібек Құламбаева Италиядағы жарыстың финалына шықты
20:10, 03 Маусым 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Брешия (Италия) ITF W 60 жарысының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші латвиялық Диана Марцинкевичпен бірге жартылай финалда осы турнирдің үшінші ракеткалары, румыниялық Андрея Пришакариу - италиялық Камилла Розателломен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-латвиялық жұп бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті - 6:2.
Екінші сетте қарқынын тіпті үдетті - 6:1.
Матч бір сағат 18 минутқа созылды.
Ж.Құламбаева мен Д.Марцинкевич финалда италиялықтар Нурия Бранкаччио - Лиза Пигато немесе швециялық Юлита Санер - болгариялық Юлия Пержийска жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің халықаралық турнирлердің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.