АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Түркияның Анталья қаласында ITF W15 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ж.Құламбаева ресейлік Дарья Лодиковамен бірге финалда швециялық Жаклин Кабай Авад - грекиялық Марта Матуламен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық-ресейлік жұп 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Әлемнің 446-ракеткасы Жібек Құламбаеваның жекелей сында да үздік шығатындай мүмкіндігі бар. Ол жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 909-орында тұрған түркиялық Башак Эрайдынды 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Ж.Құламбаева ертең финалда рейтингте 622-сатыдағы чехиялық Дениса Хиндовамен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами финалындағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина бір жылда үш бірдей ірі жарыстың финалына шыққан алтыншы теннисші атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).