Теннисшілер мен боксшылар Парижге құрған жоспарымыздың үдесінен шыға алмады — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында берген сұхбатында Париж Олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың медаль есебінде неге 43-орында қалғанын түсіндірді.
«Әрине, үлкен теннистен жоспарымыз болған. Әлемдік аренада топ жарып жүрген, нәтиже көрсетеді деген спортшыларымыз ауырып қалды, бас тартты. Екеуі де — Ресейден келген спортшылар. Одан кейін бокстан не болғанын көрдіңіздер. Бокстан әр Олимпиадада алтын алатынбыз. Бұл жерде де мәселе бар. Төрешілік, басқа да мәселелер. Бүгінде бокстың халықаралық аренада дамуының өзі үлкен сұрақ белгісімен тұр. Келесі Олимпиадада бокс бола ма, болмай ма деген сұрақ бар. Біздің алтын медаль аламыз деген жоспарымыз сол теннис пен бокста болған», — деді министр.
Оның айтуынша, олимпиадалық цикл 4 жыл болғанымен бір спортшының халықаралық деңгейде жақсы нәтиже көрсетуіне кемінде 15 жыл керек.
«Спортшының 15 жылдық жаттығуы медициналық, биологиялық жағынан ғылыми сүйемелденіп келгенде ғана жақсы нәтиже болады. Бүгінгі әлемдік спорттың деңгейі солай», — деді Ербол Мырзабосынов.