АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің топтық бәсекелері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, іріктеу сайысын алғашқы болып қыздар бастады.
Жеребе қорытындысына сәйкес Қазақстан жасөспірімдер құрамасы А тобына түсті. Онда Аустралия, Жаңа Зеландия және қытайлық Тайбэй құрамаларымен ойнайды.
Бүгін қыздар Жаңа Зеландия және Тайбэй құрамаларымен сынға түседі.
Қазақстан намысын мына спортшылар қорғайды:
Ева Корышева (Ақтөбе);
Сәбина Шухратова (Шымкент);
Еркежан Жаңатаева (Алматы).
Команда капитаны - Мәдина Рахым.
Командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысатын 16 команда төрт топқа бөлінген. Әр топтан плей-офф сатысына екі команда шығады. Сосын олар финалдық кезеңге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Азия - Тынық мұхит аймағынан ұлдар арасында 4, қыздарда 3 жолдама иесі анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс турнирінде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ испаниялық теннисші Карлос Алькарас әлемдік рейтингіде көш бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).