Теннистен ӘЧ: Қазақстан командасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Испанияның Кордова қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Davis Cup Juniors Finals турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Командалық әлем чемпионатында Сергей Квактың шәкірттері Оңтүстік Корея командасымен шеберлік байқасты.

Оңтүстіккореялықтар бір күн бұрын жасөспірімдер Дэвис кубогінің алты дүркін жеңімпазы Испанияны ұтқан болатын. Оның үстіне қазақстандықтар Шымкент қаласында өткен әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің жартылай финалында осы оңтүстіккореялықтарға есе жіберген еді.

Бірінші болып Заңғар Нұрланұлы (331 ITF Juniors ranking) Ким Му Бинмен (285 ITF Juniors ranking) кортқа шықты. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке Ким Мудың пайдасына аяқталды – 6:4, 4:6, 6:7 (3:7).

Екінші ойында Әмір Омарханов (99 ITF Juniors ranking) жасөспірімдер арасында әлемнің 68-ракеткасы Хван Дон Хёнді тас-талқан етіп жеңді – 6:2, 6:2.

Шешуші, жұптық сында Дамир Жалғасбай мен Әмір Омарханов 46 минутта Ким Му Бин – Чон Ён Судан айлаларын асырды – 6:3, 6:2.

Осылайша, D тобында әр команданың қоржынында 3 ұпайдан бар. Сейсенбі күні Испания Италиядан басым түсті.

Бүгін Қазақстан құрамасы Испаниямен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың АҚШ-тағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған едік.

Дэвис кубогінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тартысты матчта Италияға жол берді.

https://kaz.inform.kz/news/beybt-zhukaev-aksh-tagi-zharisti-zhenspen-bastadi-2e007b/

https://kaz.inform.kz/news/devis-kubog-kazakstan-zhasosprmder-kuramasi-tartisti-matchta-italiyaga-zhol-berd-ad046a/