Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирінің 1/2 финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасында Азия - Тынық мұхиты аймағы бойынша Шымкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының іріктеу турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар ширек финалда Тайбэй командасын ұтты.

Алдымен Анастасия Крымкова Ю Нинг Цайды тізе бүктірді - 5:7, 6:3, 7:5. Бәсеке тартысты өтіп, екі жарым сағатқа созылды.

Екінші ойында Полина Слепцова Ли Я Чуді ойсырата жеңді - 6:0, 6:2.

Ертең, 5 мамыр күні Ярослава Шведованың шәкірттері финалға шығу үшін Аустралия құрамасымен таласады. Олар Гонконгты 2:0 есебімен ұтты.

Азия - Тынық мұхит аймағынан үздік үш команда әлем чемпионатына жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу турнирінің ширек финалында Тайбэймен ойнайтынын жазған болатынбыз.