ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогі Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде финалға шыққан командалар анықталды.
Жартылай финалда Қазақстан жасөспірімдер құрамасы биылғы жарыстың басты жаңалығы – Гонконг теннисшілерін 2:1 есебімен ұтты.
Алдымен Дамир Жалғасбай тартысты матчта Ченг Сью Николасқа есе жіберді – 5:7, 6:7 (4:7).
Бұдан кейін кортқа өз елдерінің бірінші ракеткалары Заңғар Нұрланұлы мен Джек Ченг шықты. Бірінші партияда тай-брейкте Заңғар табандылық танытты – 7:6 (7:3). Екіншісінде қазақстандық қарсыласына мүмкіндік берген жоқ – 6:2.
Матч тағдыры үшінші, жұптық бәсекеде шешілді. З.Нұрланұлы мен Даниэль Тазабеков ойын тізгінін бірден өз қолына алды – 6:1. Екінші сетте де Ченг пен Ханг еш қайран қыла алмады – 1:6.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу жарысының финалына шықты. Қарсыластары осал емес, Қазақстан жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінің екі дүркін чемпионы Жапония құрамасымен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Ролан Гаррос турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).