Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирінде ширек финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы Belline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) іріктеу жарысында Қазақстан қыздар командасы өз тобынан бірінші орынмен ширек финалға жолдама алды.
Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу додасында Ярослава Шведованың шәкірттері D тобында алдымен Таиланд құрамасын 3:0 есебімен қапы қалдырған еді.
Бүгін қазақстандық қыздар Қытай командасымен матчта камбэк жасап, жеңіске жетті.
Алдымен Еркежан Жаңатаева Ванг Тонгқа 3:6, 2:6 есебімен есе жіберді. Дегенмен Ева Корышев жасөспірімдер арасында әлемнің 64-ракеткасы Ю Ханьды 6:4, 6:1 есебімен ұтып, таразы басын теңестірді.
Содан кейін Еркежан мен Ева жұптық сында Ванг Тонг – Ю Ханьды тізе бүктірді – 6:4, 7:5.
Қорытынды есеп – 2:1.
Жеребе қорытындысы бойынша ертең қазақстандықтар ширек финалда Үндістанмен ойнайды.
Жартылай финалға өткен командалар Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Ширек финалда сондай-ақ Аустралия – Қытай, Жаңа Зеландия – Жапония, Корея – Қытайлық Тайбэй құрамалары өзара кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында қазақстандық қыздардың іріктеу турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.