ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға шықты.
Ярослава Шведованың шәкірттері бүгін А тобында Индонезия құрамасын 3:0 есебімен жеңді.
Алдымен Ева Корышева бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Наомиді тас-талқан қылды - 6:0, 6:0.
Ариана Гогулина Синклердің мысын басты - 6:4, 6:2.
Жұптық сында А Гогулина Альбина Кәкеновамен бірге командаға үшінші ұпайды әперді - 6:0, 6:2.
Қазақстан құрамасы 15 мамырда Жапониямен ойнайды. Осы матчта қай команданың А тобынан бірінші орынмен ширек финалға шығатыны белгілі болады. Жапониялықтар да Қазақстан секілді мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды.
Іріктеу турнирінде жартылай финалға шыққан төрт команда әлем чемпионатына барады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының іріктеу турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).