Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 14 жасқа дейінгілер арасында Кучингте ((Малайзия) өтіп жатқан World Junior Tennis Competition 14&under Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінде ширек финалға шықты.
Өз тобында соңғы ойында Марат Шәріповтің шәкірттері Иран командасын 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Медина Өтепберген Рахиманамириден 6:2, 6:2 есебімен айласын асырса, Найля Баймахан Шабанпурды шыдатпады – 6:4, 6:1.
Жұптық сында М.Өтепберген – Екатерина Кирюшенко Рахиманамири – Мелинадан басым түсті – 6:1, 6:3.
Осылайша, өз тобынан екінші орынмен ширек финалға жолдама алған қазақстандықтар ертең, 21 наурыз күні Аустралия құрамасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің жұптық сында Испаниядағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.