Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі бозбалалар арасында командалық әлем чемпионаты Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстандық жасөспірімдер В тобында Жапония, Иран және Индонезия командаларымен ойнайды.
Биыл Қазақстан құрамасы жарыстың үшінші, Жапония 8-ракеткасы болып тіркелді.
Іріктеу турнирі 9-14 сәуір аралығында өтеді. Ертең Сағадат Аяптың шәкірттері Иран командасымен сынға түседі.
Аталмыш додада үздік шыққан төрт команда әлем чемпионатына жолдама алады.
Іріктеуде Қазақстан намысын Ахмади Мақанов (Tennis Europe рейтингісінде 9-орын), Хақназар Жеткербай (20-саты) және Бексұлтан Бауыржанов (128-орын) қорғайды. Команда капитаны: Сағадат Аяп.
Бір апта бұрын 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан қыздар құрамасы осы Кучинг қаласында жолдамаға бір қадам жетпей қалды.
Қазақстан құрамасы топтық бәсекеден сенімді өтіп, ширек финалда Корея Республикасы командасымен кездесті. Матч тартысты өтіп, қыздар 1:2 есебімен жеңіліс тауып, өкінішке қарай, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өте алмады.
Дегенмен құрамында Ясмин Дүйсембаева, Тәмина Сәкен, Мәриям Нұржан бар Қазақстан командасы (капитаны Марат Шәріпов) 5-8 орындар үшін ойындарда нағыз күрескерлік рухты көрсете білді. Әсіресе, 5-орын үшін кездесуде турнирдің мықты құрамаларының бірі — Аустралияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл қазақстандықтардың бір апта ішінде Аустралиямен матчтағы екінші жеңісі еді. Бұдан бұрын олар топтық кезеңде де мықтылық танытқан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Ролан Гаррос турнирінде сәтті өнер көрсету туралы айтқанын жазған болатынбыз.