Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері іріктеу жарысының ширек финалында ойнайды

Фото: ktf.kz

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогі Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстан құрамасы А тобында кеше Өзбекстан құрамасын 3:0 есебімен ұтса, бүгін Малайзияны ойсырата ұтты — 3:0.

Алдымен Даниэль Тазабеков 46 минутқа созылған матчта Абибке бірде-бір гейм берген жоқ — 6:0, 6:0.

Заңғар Нұрланұлы Девашты тас-талқан етіп жеңді — 6:1, 6:0. 

Жұптық сында Д. Тазабеков — Дамир Жалғасбай қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ — 6:0, 6:2. 

Сәрсенбі күні Сергей Квактың шәкірттері Қытай құрамасымен ойнайды.

Қытайлықтар да ширек финалға мерзімінен бұрын жолдама алды. Аталмыш матчта А тобынан қай команданың бірінші орынмен шығатыны шешіледі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнирдің 1/8 финалына өткенін жазған болатынбыз.