Испанияның Кордова қаласында өтіп жатқан Davis Cup Juniors Finals турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалға бір қадам жетпей тоқтады, деп хабарлайды Kazinform.
D тобында соңғы ойында қазақстандықтар жасөспірімдер арасында командалық әлем чемпионатының алты дүркін чемпионы Испания командасына жол берді.
Бірінші ойында Заңғар Нұрланұлы Андрес Сантамарта Роигтен (№ 225) ұтылды – 5:7, 3:6.
Есесіне Әмір Омарханов Серхио Планелья Эрнандесті (№175) 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Осы әлем біріншілігінде Әмір бірде-бір бәсекеде жеңілген жоқ, үшеуінде де қарсыластарынан басым түсті.
Соңғы жұптық сында испаниялықтар супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 2:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, Қазақстан құрамасы мықты командалар жиналған топта үшінші орын алды. Бұл 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты болғанына қарамастан, қазақстандықтар лайықты өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның Мария Саккариді ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).