Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері тартысты матчта Германияға жол берді

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Чехияның Простеев қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында теннистен әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы В тобында алғашқы кездесуін 2014 жылғы әлем чемпионы Германиямен өткізді.

Алдымен Хақназар Жеткербай Tennis Europe рейтингісінде 14-орында тұрған Даниель Шарнецкиге есе жіберді – 3:6, 2:6.

Екінші бәсекеде Ахмади Мақанов сенсация жасай білді. Ол Tennis Europe рейтингісінде 8-сатыдағы Луис Калинді 6:1, 2:6, 7:5 есебімен ұтып кетті.

Матч тағдыры жұптық сында шешілді. Онда Ахмади мен Хақназар барын салғанымен, Даниель – Луистан жеңіліс тапты – 3:6, 4:6.

Бүгін Сағадат Аяптың шәкірттері Жапония құрамасымен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Германиядағы жарыста Скатовтың Попконы ұтып, келесі айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Монреаль турнирінің жартылай финалына өтті.