НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Простеев қаласында (Чехия) 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының (2022 ITF World Junior Tennis Finals) ширек финалында қазақстандық жасөспірімдер Словения құрамасымен ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Словениямен матч 4 тамыз күні елорда уақыты бойынша шамамен 14:00-де басталады.
Қазақстан құрамасының капитаны Сергей Квактың айтуынша, қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионаты барысында табысты өнер көрсетіп келеді.
«Мен өз шәкірттеріммен мақтанамын. Эквадормен ойын әлем чемпионатындағы алғашқы матч болғандықтан, қазақстандық жасөспірімдер толқуды бастан кешіріп, есе жіберіп алды. Содан кейін Аргентина мен Италия сияқты аса мықты командаларды ұтып, ширек финалға жолдама алды. Бұл – тарихи жеңіс», - деді С. Квак.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында қазақстандық жасөспірімдердің алғаш рет ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Топтық бәсекеде Италиямен өткен матчта Сергей Квактың шәкірттері әлем чемпиондарын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Үшінші, жұптық кездесуде Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков қарсыластарынан 6:1, 6:3 есебімен басым түсті.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).