Теннистен ӘЧ: Қазақстанмен матчта Аустралия алға шықты
Испанияның Севилья қаласында Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы матчында өткен жылғы командалық әлем чемпионатының финалисі Аустралиямен кездесуде.
Бүгін ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты кортқа шықпайтын болды.
Бастапқы ойында дүниежүзілік рейтингте 814-орында тұрған Анна Данилина әлемнің 172-ракеткасы Сторм Хантермен шеберлік байқасты.
Негізінен жұптық сында өнер көрсететін А.Данилина екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде 6:7 (2:7), 4:6 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Аустралия 1:0 есебімен алға шықты. Енді Қазақстанға қалған екі ойында қалайда жеңу қажет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтың Хельсинки турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Александр Недовесов Болгариядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды.