Теннистен әлемдік рейтингіде алғашқы ондыққа кіргім келеді – Андрей Голубев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Топырақ төсенішіндегі жарыстардан кейін Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Андрей Голубев елордаға оралды. Алдағы турнирлерге дайындалатын теннисші биылғы бірінші жартыжылдықты қорытындылап, болашақ ой-жоспарлары жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

- Андрей, елге қош келдің! Топырақ төсенішінде өткен додалар өзің көздегендей болды ма ?

-Жоқ. Ролан Гарросқа дейінгі жарыстарда және Франция ашық чемпионатында сәттірек өнер көрсеткім келген. Мақсат титулға қол жеткізу болатын. Ол ойымыз орындалмады. Тек Римдегі мастерс турнирінің жартылай финалына дейін жеткеніміз ғана көңіл жұбатады.

- Біраз уақыт бойы франциялық теннисші Фабрис Мартенмен жұптасып, сайысқа түсіп келесің. Басқа да серіктерің болды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін жұптасыңмен қоштасу сәті туатынын сезесің бе ?

-Нәтиже болмаса немесе серігіңнің ойын кестесі сәйкес келмесе, ауыстыруға тура келеді. Мысалы, біреуі басқа турнирде ойнағысы келеді. Екіншісі оны қаламайды. Жұптық теннисте мұндай сәттер жиі кездеседі.

- Ал жекелей сында өзіңнің ерекше есте қалған матчтарың аз емес шығар ?

- Әрине, аз болған жоқ. Мысалы, Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында Женевада Станислас Вавринкамен, Чехияда Томаш Бердыхпен, елімізде бельгиялық Давид Гоффенмен ойнағаным ұмытылмақ емес. Жекелей сында Гамбургте финалға дейін жеттім. Аустралияда ресейлік Михаил Южныймен бес сетке созылған матч, Содерлингпен ойын жадымда. Мұндай тартысты бәсекелер көп болды.

- Екі апта бұрын жұптық рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткіздің. Римдегі мастерстің жартылай финалына шығуыңның арқасында 21-орынға көтерілдің. Қазір 22-сатыдасың. Маусым соңына дейін ТОП-10-ға кіруге мүмкіндік бар ма ?

-Бұған қол жеткізуге болады. Сондай міндет қойдым. Ол үшін табысты өнер көрсете білуім керек.

- Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында 14 жыл бойы ойнап келесің. Ел намысын қорғау кезінде ерекше сезімге бөленесің бе, әлде үйреніп кеттің бе ?

-Қазақстан атынан бірінші рет пе, әлде бесінші, жиырмасыншы рет пе, бәрібір, жауапкершілік жүгі еш кемімейді. Тек Дэвис кубогының жаңа форматына байланысты айтарым бар. Бейтарап аймақта үш командаға қарсы ойнау оңай емес. Дегенмен қарсыласымыз Ұлыбритания, Норвегия немесе Испания болсын, біз қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын әркез сезінеміз.

- Биыл Қазақстан теннисі үшін ерекше жыл болып тұр. Ерлер Дэвис кубогы, әйелдер Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде және 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер әлем чемпионатында өнер көрсетпекші. Қазақстан ойнайтын ерлер тобына Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланды секілді мықты құрамалар түсті. Осы айтулы жарыстан не күтесің ?

-Бізге тәжірибелі де күшті командалар тап болды. Басқаларын айтпасақ та, Нидерландының өзі бұдан бірнеше жыл бұрынғы кездескендегідей емес, деңгейі өсті. Жекелей сында ТОП-60-қа кіретін екі ойыншысы бар. Жұптық сында да осал емес. Қай матч та тартысты болмақ.

- Көгалдағы төсеніште өтетін маусымға нендей жоспар бар, Уимблдонға баратын шығарсың ?

-Уимблдонға барамын ба, әлде бармаймын ба, әзірге шешкен жоқпын. Өйткені Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (АТР) Уимблдонда жеңіс үшін берілетін ұпайларды алып тастады. Мүмкін, сол кезеңді өзімнің қалпыма келу үшін пайдаланатын шығармын. Одан кейінгі додаларға қатысу үшін де бап керек қой. Көгалдағы төсеніш маусымында Германиядағы Галле АТР 500 және Испаниядағы Мальорка АТР 250 турнирінде бақ сынайтыным анық. Қалғанын уақыт көрсетеді.

-Андрей, әңгімеңе рахмет, табыс тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінде жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.