АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнер допинг дауына ілікті.
Теннис әділдігін қамтамасыз ету жөніндегі Халықаралық агенттігінен (ITIA) таралған мәліметке қарағанда, Я.Синнер допингтен екі рет тұтылған.
Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс турнирі кезінде биылғы 10 наурызда өткізілген тест италиялық теннисшінің ағзасында спортта тыйым салынған анаболикалық стероид – клостебол бар екендігін көрсетті.
Сондай-ақ жарыстан тыс уақытта, 18 наурызда алынған талдау да Australian Open чемпионында клостебол метаболиті табылғанын паш етті.
Синнер Индиан-Уэллс додасында алған рейтингілік ұпайы мен тапқан табысынан айырылды, алайда басқалай айыпқа тартылған жоқ. Өйткені тәуелсіз трибунал оның ағзасына допинг байқаусызда түскен деп таныды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның әлемдік рейтингіде бірден 199 сатыға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Мексикадағы жарыстың ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).