МАДРИД. ҚазАқпарат - Мадридте Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы Канаданы үшінші кездесуінде де ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жекелей сында қарсыластарын қапы қалдырып, Қазақстан мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алған еді.
Соңғы бәсеке жұптық сында Андрей Голубев - Александр Недовесов және Канада тарапынан Петер Полански - Брейден Шнур арасында өтті.
Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық жұп басымдылық көрсетті - 6:4.
Екінші сетте тай-брейкте канадалықтар сәтті ойнады - 7:6 (8:6).
Үшінші, шешуші партияда қазақстандықтар бет қаратпады - 6:1.
Осылайша Қазақстан құрамасы Канаданы 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстандықтардың ширек финалдағы қарсыласы кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан - Канада матчын Михаил Кукушкиннің жеңіспен бастағанын , қазақстандықтардың ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).