МАДРИД. ҚазАқпарат - Мадридте Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы Канаданы жеңіп, ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Вашек Поспишилмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасады - 6:2.
Екінші сет тартысты өрбіп, тай-брейкте қазақстандық теннисші қарсыласының сетбол жасауына мүмкіндік бермеді. Сосын өзі матчболын мүлт жіберген жоқ - 7:6 (8:6).
Бәсеке барысында Бублик 18 эйс жасады. Сөйтіп А.Бублик есепті 2:0-ге жеткізді. Енді жұптық бәсеке ештеңені шешпейді.
Осылайша Қазақстан құрамасы кеше Швецияны жеңсе, бүгін Канаданы сүріндіріп, алтыншы рет Дэвис кубогының ширек финалына шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Швецияны жеңгенін, Анна Данилинаның Дубайдағы жарыста жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Қазақстан - Канада матчын жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).