Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан Нидерланды командасымен кездеседі
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, D тобында аталған екі командадан басқа АҚШ және Ұлыбритания құрамалары өнер көрсетеді.
Плей-офф кезеңіне үздік екі команда жолдама алады.
Қазақстан – Нидерланды матчында алғашқы болып командалардың екінші ракеткалары Михаил Кукушкин (221 АТР) мен Таллон Грикспур (48 АТР) кортқа шығады. Бұл екеуі бұрын өзара ойнамаған.
Содан кейін қос құраманың үздіктері Александр Бублик (44 АТР) пен Ботик ван де Зандсхулпқа (35 АТР) кезек келеді. Олар да бір-бірімен кортта кездеспеген.
Үшінші ойында, өзгеріс болмаса, Андрей Голубев – Александр Недовесов жұбы Матве Мидделкоп – Уэсли Колхофпен шеберлік байқасуы керек.
Матч елорда уақытымен сағат 21.00-де басталады. Алғашқы екі кездесуді Qazsport телеарнасының сайтынан көруге болады. Үшіншісі тікелей эфирден көрсетіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны белгілі болғанын жазған едік.