НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осло қаласында 4-5 наурызда өтетін Дэвис кубогы іріктеу матчында кімдердің ойнайтыны белгілі болды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, аталмыш матчта еліміздің намысын Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко қорғайды.
Норвегия тарапынан Каспер Рууд, Виктор Дурасович, Лукас Хеллум Лилленген, Герман Хойерал және Симен Сунде Братхольм матчқа дайын.
Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағалау керектігін жеткізді.
«Норвегия теннисшілері рейтингте төмен тұрғанына қарамастан, құрамы осал емес. Екі күнге жоғары деңгейдегі бес ойын белгіленген. Сондықтан біз бәріне әзір болуымыз керек», деді Ю.Щукин.
«Қазақстандықтардың тәжірибесі мол. Ал Норвегия құрамасында барлығы жастар, күш-жігері жеткілікті. Біз соны пайдаланғымыз келеді», Норвегия құрамасының капитаны Андерс Хосет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингісінде қайта көш бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).