НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ослода Дэвис кубогы іріктеу кезеңі аясында өтетін Норвегия – Қазақстан матчының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, 4 наурыздағы алғашқы ойын күні бірінші болып кортқа Михаил Кукушкин мен Каспер Рууд шығады.
Содан кейін Александр Бублик пен Виктор Дурасович күш сынасады.
5 наурыз күні үш бәсеке жоспарланған. Алдымен Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Каспер Рууд – Виктор Дурасовичпен шеберлік байқасады. Сосын Бублик пен Рууд, Кукушкин мен Дурасович кездеседі.
Әр құраманың капитаны екінші ойын күні теннисшілерді алмастыра алады.
Матч 4 наурызда елорда уақытымен сағат 23.00-де, келесі күні 19.00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Норвегия матчында кімдердің ойнайтыны анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).