Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан тобында ширек финалға шыққан командалар анықталды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Шотландияның Глазго қаласында өтіп жатқан Дэвис кубогының топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы өнер көрсететін D тобынан ширек финалға шыққан командалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Нидерланд құрамасы Ұлыбританияны 2:1 есебімен ұтып, командалық әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Бұл матчта Нидерландқа шешуші ұпайды жұптық бәсекеде Весли Колхоф пен Матве Мидделкоп әперді. Олар ұлыбританиялықтар Энди Маррей – Джо Солсбериді жеңді – 7:6 (7:0), 6:7 (6:8), 6:3.

Осыған дейін нидерландылықтар Қазақстан құрамасынан басым түскен болатын. Ал АҚШ Қазақстан мен Ұлыбританиядан айласын асырған еді.

Сөйтіп, 18 қыркүйек күні өтетін Қазақстан – Ұлыбритания матчының нәтижесіне қарамастан, америкалықтар мен нидерландылықтар ширек финалға жолдама алды. Бүгін олардың өзара бәсекесінде D тобында қай команданың бірінші орын алатыны белгілі болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Словениядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жасөспірімдер теннистен Азия біріншілігінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші Ыстанбұл турнирінде табысты өнер көрсетті.