НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ослода Дэвис кубогы іріктеу кезеңі аясында басталған Норвегия – Қазақстан матчында алғашқы болып Каспер Рууд пен Михаил Кукушкин шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
К.Рууд Норвегияның бірінші, әлемнің 8-ракеткасы болса, М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 160-сатыда тұр.
Бірінші партия барысында екі рет брейк жасаған норвегиялық теннисші айқын басымдылық танытты – 6:1.
Тартыстылау өрбіген екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Рууд брейк жасап кетті. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана білді – 6:4.
Осылайша К.Рууд Норвегия құрамасын алға шығарды. Есеп – 1:0.
Енді Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик пен Виктор Дурасович күш сынасады.
5 наурыз күні алдымен Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Каспер Рууд – Виктор Дурасовичпен кортқа шығады. Сосын Бублик пен Рууд, Кукушкин мен Дурасович ойындары жоспарланған. Дегенмен матч барысында өзгерістер болуы да ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Норвегия матчының жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).