АСТАНА. KAZINFORM — Дубай ATP 500 турниріне барған ойыншылар, бапкерлер, басқа қызметкерлер, барлығы 41 адам Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып отыр.
Бұлардың арасында осы жарыстың жеңімпазы, әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев, оның отандасы, Дубайда жартылай финалға дейін жеткен Андрей Рублев бар.
Испанияның Marca газетінің хабарлауынша, барлық спортшының 3 наурыз күні таңмен ұшып кетуіне кепілдік берілген. Алайда бұл елдің әуе кеңістігі ашылған жағдайда ғана мүмкін болмақ.
Бұдан бұрын теннис делегацияларына көршілес Сауд Арабиясы және Оман арқылы жер үсті көлігімен кету мүмкіндігі ұсынылған, алайда олар бұдан бас тартқан.
Дубай додасына қатысқан Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик тыйым салынғанға дейін ұшып шығып, АҚШ-қа аман-есен жеткенін әлеуметтік желіде жазды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дубай әуежайлары белгісіз мерзімге жұмысын тоқтатқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).