Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, әйелдер арасында бірінші ракетка болып тіркелген Аружан Сағындықова ертең Ульяна Романовамен кездеседі. Олардың екеуі де - елордалықтар.
Ал 2016 жылғы ел чемпионы, шымкенттік Гөзал Айнитдинова тағы бір елордалық Жанел Рүстемовамен шеберлік байқасады.
Ширек финалда Г.Айнитдинова 14 жасар алматылық Асылжан Арыстанбекованы 6:4, 6:4 есебімен ұтса, Ж.Рүстемова өткен жылғы біріншіліктің күміс жүлдегері, тағы бір алматылық Мария Синицынаны 6:1, 7:5-пен жолдан тайдырды.
У.Романова аса тартысты бәсекеде елордалық Сандуғаш Кенжебаеваны 6:4, 2:6, 6:4 есебімен жеңіп кетті. Ал А.Сағындықованың павлодарлық Софья Чурсинамен кездесуі тіпті тартысты болды. Бірінші сетте Аружан басымдылық көрсетті - 6:4. Екіншісінде Софья қарымта қайырды - 6:1. Үшінші, шешуші партияда есеп 5:2 болған мезетте Чурсина үш бірдей матчболын пайдалана алмады. Есесіне күш алған Аружан бұдан кейін бет қаратпады - 7:5.
Ерлер арасында тосын нәтиже болған жоқ. Жекелей сында жартылай финалда шымкенттік Достанбек Ташболатов қызылордалық Ерсұлтан Ерділдамен, Нұр-Сұлтан өкілі Ислам Орынбасар теміртаулық Григорий Ломакинмен кортқа шығады. Ширек финалда Д.Ташболатов Никита Сидоровтың меселін қайырды - 6:2, 6:3. Г.Ломакин де жас теннисші Максим Батютенкомен кездесуде қиналған жоқ - 6:3, 6:1. Е.Ерділда Жәңгір Алмашевті ұтты - 7:5, 6:2. И.Орынбасар Родион Пактан басым түсті - 4:6, 6:4, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубай турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.